Blog

ҚазАӨК экономикасы және ААДҒЗИ мамандары Алматы облысындағы ет өңдеу кәсіпорнына қаржылық-экономикалық консалтингтік қолдау көрсетті

by 22.07.2026

2026 жылғы 21 шілдеде ҚазАӨК экономикасы және ААДҒЗИ қызметкерлері Алматы облысының Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, «Empire Food Meat Production Facility» ЖШС-не қаржылық-экономикалық консалтингтік қолдау көрсетті.

Жұмыс барысында мамандар кәсіпорынның өндірістік жағдайымен танысып, өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану және оларды толық жүктеу мәселелерін талқылады. 2019 жылы іске қосылған ет комбинаты бір ауысымда 120 бас ірі қара және 1000 басқа дейін ұсақ малды союға қауқарлы.

Кездесу аясында ет комбинатының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен, салалық қауымдастықтармен және жергілікті атқарушы органдармен кластерлік тәсіл негізінде өзара іс-қимылын дамыту, сондай-ақ мал шаруашылығындағы кооперацияны жетілдіру мәселелері қарастырылды.

Тараптар өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру, етті терең өңдеуді дамыту және ғылым мен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты күшейту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Бұл бастамалар 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын іске асыруға және Алматы өңірінде жоғары технологиялы мал шаруашылығын дамытуға ықпал етеді.

Консорциумның көшпелі кеңесі: Көкөніс шаруашылығы орталығын құру бағытындағы нақты қадамдар

by 18.07.2026

2026 жылғы 16–17 шілдеде Консорциум құрамындағы Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (ҚазЖКШ ҒЗИ), Қазақ агроөнеркәсіптік кешен экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты (ҚазАӨК экономикасы және ААД ҒЗИ) және ҚазЖКШ ҒЗИ-дың Сарыағаш филиалы өкілдері «Красноводопад ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС базасында көшпелі жұмыс кеңесін өткізді.

Кеңес барысында Консорциумдық келісімнің негізгі мәселелері, Бас инвестициялық жоба (ГИП) және Жол картасының орындалу барысы талқыланды. Қатысушылар селекциялық жылыжай салынатын аумақты аралап, әлеуетті жабдықтаушы компаниямен онлайн форматта жылыжай мен инфрақұрылым нысандарының орналасуын келісті.

Сонымен қатар жобаның қаржылық-экономикалық негіздемесіне қажетті деректер нақтыланып, өндірістік жоспар пысықталды. Суармалы егістік алқаптары, көкөніс дақылдарын орналастыру және логистикалық шешімдер қарастырылды. Делегация тұқым шаруашылығына арналған дәнді дақылдарды жинау жұмыстарының барысымен танысып, тәжірибе станциясының ұжымымен көкөніс тұқым шаруашылығын дамыту, жас мамандарды тарту және жылыжай технологияларын дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысында Консорциум мүшелері Көкөніс шаруашылығы орталығын құру жобасын бірлесіп іске асыруға дайын екендіктерін растап, Жол картасында белгіленген міндеттерді орындау үшін өзара ынтымақтастықты одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті.

@agro__press @nasec

Алматыда аграрлық ғылымның болашағы мен ауылды дамыту мәселелері талқыланды

by 22.06.2026

2026 жылғы 20 маусымда Алматы қаласындағы Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтына «ҰАҒБО» КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Бисетаев пен корпоративтік хатшы Айнур Шаймерденова арнайы келді.

Институт Басқарма төрағасы Есенбай Исламов мекеменің ғылыми жетістіктері, атқарылған жұмыстары және алдағы даму жоспарлары туралы баяндама жасады. Кездесуде аграрлық ғылым нәтижелерін ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу, ғылымды қаржыландыру және саланы дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Қайрат Бисетаев ауыл шаруашылығы өндірушілері мен ауыл тұрғындарының өзекті мәселелеріне тоқталып, аграрлық ғылым нақты сұранысқа жауап беретін тиімді шешімдер ұсынуы қажет екенін атап өтті.

Институт ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал шаруашылығына арналған өндірістік шығындар нормативтерін әзірлеу бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Бұл материалдар Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау кезінде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен шаруашылықтардың жұмысында қолданылады.

Басқарма төрағасының ғылым және енгізу жөніндегі орынбасары Галия Акимбекова Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, пилоттық кооперативтер құру және оларды ғылыми сүйемелдеу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті.

Кездесу қорытындысында аграрлық экономикалық ғылымды одан әрі дамыту, ғылыми әзірлемелердің тиімділігін арттыру және агробизнес қажеттіліктеріне бейімдеу бойынша негізгі міндеттер айқындалды.

@agro__press @nasec

Алматы қаласында аграрлық ғылымды дамытуға арналған «Қалиев оқулары–1» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті

by 19.06.2026

Бүгін Алматы қаласында «Аграрлық ғылымды және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін ғылыми тұрғыдан қолдауды дамыту: теория, әдіснама және тәжірибе» атты «Қалиев оқулары–1» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Конференция Қазақстан Республикасының «Ұлттық аграрлық ғылым академиясы» Президиумының, Қазақ агроөнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының және «Қазақстан Республикасының «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ» ұйымдарының жетекші ғалымдарының бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің жетекші ғалымдары қатысты.

Конференция қатысушылары баяндамаларды тыңдап, агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми қамтамасыз ету мәселелерін талқылай отырып, төмендегілерді атап өтті:

Қазақстанның аграрлық секторы экономикадағы негізгі салалардың бірі болып табылады. Елдің табиғи-экономикалық жағдайы оны астық және мал шаруашылығы бағытындағы, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы мен қайта өңдеу салалары дамыған аграрлық жүйе ретінде қалыптастырады. Қазақстан 215 млн гектар ауыл шаруашылығы жер ресурстарына ие.

Өндіріс көлемінің тұрақты өсуі халықтың азық-түлікпен қамтамасыз етілуін жақсартуға ықпал етуде. Сонымен қатар бірқатар азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділік сақталуда, бұл отандық өндіріс пен қайта өңдеу саласын дамыту қажеттілігін көрсетеді.

Азық-түлік қауіпсіздігі, инфляциялық қысым, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект енгізу, су ресурстары тапшылығы және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар аграрлық ғылымды дамытудың басым бағыты ретінде ғылым, білім және өндіріс интеграциясын күшейту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және жаңа буын мамандарын даярлау қажеттігін атап өтті.

Конференция агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық және цифрлық даму моделіне көшірудің стратегиялық маңызын айқындады.

@agro__press @nasec

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелері бойынша Алматыда дөңгелек үстел өтті

by 17.06.2026
2026 жылғы 17 маусымда Алматы қаласында «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың тиімді нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру бойынша ұсынымдар әзірлеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ауыл шаруашылығы кооперациясын жетілдіру жөнінде берген тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел Алматы қаласындағы Қазақ агроөнеркәсіптік кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының базасында өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ғылыми және білім беру ұйымдарының, халықаралық институттардың, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің, салалық қауымдастықтардың, агробизнес өкілдерінің, сондай-ақ аграрлық ғылым мен өндіріс саласының жетекші сарапшылары қатысты.
Кездесуді «Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ» ЖШС Басқарма төрағасы, Қазақстан Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының бірінші вице-президенті Есенбай Исраилович Исламов және институттың ғылым және енгізу жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары Галия Үйсімбекқызы Акимбекова жүргізді.
Іс-шараны Қазақстан Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының президенті, академик Тлектес Исабаевич Есполов және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Бауржан Қоңырбайұлы Асанов ашты.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Ахатұлы Баққожаев, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының міндетін атқарушы Арайлым Жұмағұлқызы Әлімбекова, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) серіктестік жөніндегі сарапшысы Виктория Айвазян, Германияның Райффайзен кооперативтері одағының аудиторы Константин Хак және басқа да сала мамандары баяндама жасады.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудағы өзекті мәселелер, аграрлық сектордағы мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кооперативтердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Пікірталас барысында қатысушылар ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту, шағын және орта шаруашылықтарды біріктіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен өткізудің тиімді жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ кооперативтік қозғалыстың институционалдық негіздерін күшейту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіруге бағытталған ұсынымдар жобасын талқылады. Ұсыныстар агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің табысын көбейтуге және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталатын болады.
Дөңгелек үстел нәтижелері мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға жолданып, аграрлық саясатты жетілдіру жөніндегі одан арғы жұмыстарда пайдаланылатын болады.

Алматыда Қытай мен Қазақстан ғалымдары аграрлық экономиканы дамыту мәселелерін талқылады

by 12.06.2026
2026 жылғы 12 маусымда Алматы қаласында ҚХР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының Экономика институты өкілдері мен ҚазАӨКЭжААДҒЗИ экономист-ғалымдары арасында жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіптік кешеннің өзекті мәселелерін, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспорттық және импорттық қатынастарды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және логистика жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар цифрлық технологияларды аграрлық секторға енгізу, инновациялық шешімдерді дамыту және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу бағыттары қарастырылды.
Қытай тарапынан аграрлық экономика саласындағы тәжірибе мен ғылыми тәсілдер ұсынылса, Қазақстан ғалымдары ұлттық агроэкономиканы дамытудағы өзекті жобалар мен практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу соңында тараптар аграрлық экономиканы дамытуға бағытталған перспективалық ғылыми бағдарламалар мен бірлескен зерттеу тақырыптарын айқындап, ғылыми нәтижелерді өндірістік тәжірибеге енгізу және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісімге келді.

Subscribe to our newsletter

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit. Proin porttitor nisl nec ex consectetur, quis ornare sem molestie.