Blog

Қазақстандағы органикалық омарташылық: өндіріс, сертификаттау және жаңа нарықтар

in Жаңалықтар 20.08.2026

2026 жылғы 20 тамызда Алматы қаласында Агроөнеркәсіптік кешен экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту Қазақ ғылыми-зерттеу институтының базасында «Органикалық ара шаруашылығын дамыту: талаптар, бал өндіру және нарықтық мүмкіндіктер» тақырыбында семинар өтті.

Іс-шара «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін өтеусіз негізде ақпараттық қамтамасыз ету» 100 кіші бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Семинарға омарташылар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және органикалық өндірісті дамытуға мүдделі сала мамандары қатысты.

Семинардың модераторы әрі негізгі спикері Евгений Климов болды. Қатысушылар әлемдік органикалық бал нарығының қазіргі жағдайы мен негізгі үрдістерін, Қазақстанның мүмкіндіктерін және органикалық омарта ұйымдастыруға қойылатын практикалық талаптарды қарастырды.

Бал беретін өсімдіктер базасы мен аумақты таңдау, ара ұялары мен балауыздың шығу тегі, араларды азықтандыру, аурулардың алдын алу, бал жинау, өңдеу және сақтау, сондай-ақ өнімнің қадағалануын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Омарта орналасатын аумақта 3 км радиустағы қоректік база мен 6 км радиустағы ықтимал қауіп көздерін бағалау талаптары да талқыланды.

Органикалық омартаны сертификаттау бойынша практикалық бөлімді QAZAQ BIO CONTROL өкілі Илья Пампур таныстырды.

Семинар барысында органикалық балды өткізу және маркетинг мәселелері де кеңінен талқыланды. Тікелей және интернет арқылы сату, HoReCa, өндірушілер кооперациясы, экспорт пен омарта базасындағы агротуризм мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар өңірлік және терруарлық бал брендтерін қалыптастыру, монофлорлы өнімдерді дамыту, цифрлық қадағалау мен QR-таңбалауды енгізу перспективалары сөз болды.

Семинардың негізгі қорытындыларының бірі – органикалық бал тек дайын өнімнің жеке сипаттамасы емес, омартаның орналасуынан бастап араларды күтіп-баптау, өңдеу, сақтау, қадағалау және сертификаттауға дейінгі барлық кезеңді қамтитын расталған өндіріс жүйесінің нәтижесі екені атап өтілді.

Мұндай іс-шаралар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында практикалық білімді таратуға, органикалық өндірісті дамытуға және қазақстандық ара шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға ықпал етеді.

@agro__press @nasec