Жұмыс уақыты: 9:00 - 18:00 (Дс-Жм)

Blog

ҚазҰАПКЭҒЗИ-де жапондық «ақылды» жылыжай технологиялары таныстырылды

in Жаңалықтар 19.09.2025
Қазақ ауыл шаруашылығы экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтында (ҚазҰАПКЭҒЗИ) Ұлттық аграрлық ғылым академиясымен бірлесіп Жапониядан келген делегациямен кездесу өтті. Қонақтар қатарында Megumi Corporation Ltd., Nagashima Holding Company, Toyotane Co. Ltd., Sanshin Metal Working Co. Ltd. компанияларының басшылары мен өкілдері болды.
Жапон мамандары гидропоника саласындағы инновациялық шешімдерін таныстырды. Атап айтқанда, DFT (су тереңдігі 10 см) және NFT (су тереңдігі 2 см) әдістері арқылы жылыжайларда өсімдіктерді тігінен өсіру тәжірибесі көрсетілді. Мұндай тәсілдер жерсіз аймақтарда, соның ішінде шөлейтті жерлерде де көкөністерді, жемістерді, ағаштарды, дәнді дақылдар мен дәрілік өсімдіктерді өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жапондық компаниялар гидропоника бойынша тағылымдамалық оқыту бағдарламаларын ұсынатынын атап өтті.
Қазақстандық ғалымдар елімізде қолданылып жүрген гидропоника мен аквапоника тәжірибесімен бөлісіп, қызылша, микрожасыл өнімдер, бұталы ағаштар мен құлпынай өсіру бағытындағы жетістіктерін таныстырды.
Кездесу барысында ғылыми-зерттеу саласында әріптестік орнату, инвестиция тарту және мамандар даярлау мәселелері талқыланды. Тараптар ұжымдық меморандумға қол қоюға және жапондық жылыжай технологиялары мен ноу-хауын Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне енгізу бойынша бірлескен жобаны іске асыруға уағдаласты.