Жұмыс уақыты: 9:00 - 18:00 (Дс-Жм)

Blog

Қазақстандағы қой шаруашылығы: ет ресурстарын қалыптастырудағы стратегиялық бағыт

in Жаңалықтар 09.02.2026
Соңғы жылдары Қазақстанда қой шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Әлемдік нарықта қой етіне сұраныстың артуы, кең жайылымдардың болуы және ғылыми әлеует бұл саланың стратегиялық маңызын күшейтуде.
ҚазАӨКЭжААДҒЗИ Басқарма төрағасы Есенбай Исламовтың айтуынша, қой шаруашылығы – бұл тек дәстүрлі сала ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі.
«Қазақстанда ет бағытындағы қой шаруашылығын дамытуға барлық табиғи және ғылыми алғышарттар бар. Алайда басты мақсат – қой санын ғана арттыру емес, оның өнімділігі мен сапасын көтеру», – деді Е.И. Исламов.
Басқарма төрағасы айтуынша, соңғы жылдары еліміз азық-түлік қауіпсіздігі бойынша халықаралық рейтингтерде өз орнын нығайтты, ал бұл жетістікте мал шаруашылығының, соның ішінде қой шаруашылығының үлесі зор.
Е.И.Исламов қой шаруашылығында жүннен етке қарай бетбұрыс заңды үрдіс екенін атап өтті. Жүн бағасының төмендеуі мен қой етіне сұраныстың артуы селекциялық саясатты қайта қарауды талап етеді.
«Қазіргі жағдайда қой шаруашылығындағы негізгі экономикалық өнім – қой еті. Бұл жануар тектес ақуызға деген сұраныстың өсуімен және экологиялық таза өнімге деген қажеттілікпен байланысты», – деп атап өтті Басқарма төрағасы.
Сондай-ақ ол саладағы басты мәселелердің бірі – қойдың басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырлануы екенін айтты.
«Қой шаруашылығының болашағы – кооперацияда, асыл тұқымды орталықтарды дамытуда, қолдан ұрықтандыру мен цифрлық есеп жүйесін енгізуде», – деді Исламов.
Ғалымның пікірінше, асыл тұқымды істі дамыту, селекцияны цифрландыру және мал асылдандыру қызметтің тік құрылымын қалпына келтіру – Қазақстанның экспорттық әлеуеті мен отандық генетикалық қорын сақтаудың негізгі шарты.
@agro__press @nasec.kz