Аграрлық ғылымның болашағы: Таразда саланы дамытудың жаңа жолдары талқыланды
2025 жылғы 19 қыркүйекте Жамбыл облысының Тараз қаласында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының көшпелі сессиясы өтті. Шара Қазақ агроөнеркәсіптік кешен экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Негізгі тақырып — «Аграрлық ғылымның дамуы: өзекті мәселелер мен жаңа мүмкіндіктер».
Көшпелі сессия жұмысына Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Махметғали Сарыбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, «Атамекен» ҰКП, Қазақстан фермерлер қауымдастығының өкілдері және БАҚ қатысты.
Жиында аграрлық ғылымды дамытудың маңызды бағыттары талқыланды: су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрландыру, көміртекті егіншілік, фитосанитария, мал шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері. Ғылыми жетістіктерді инновацияға айналдыру мен коммерцияландыруға ерекше назар аударылды.
Сессия тәжірибе алмасудың, ортақ шешімдер қабылдаудың және елдің агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытуға жаңа мүмкіндіктер іздеудің тиімді алаңына айналды.



