Blog

Зооинженерия және ветеринария бойынша конференция секциясы өтті

in Жаңалықтар 26.05.2026
Бүгін Ветеринария ғылыми-зерттеу институтының базасында халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның «Зооинженерия және ветеринария» секциясының жұмысы өтті.
Іс-шараға 51 адам қатысты. Қатысушылар қатарында Ветеринария ғылыми-зерттеу институтының мамандары, сондай-ақ ҚазАӨКЭжААДҒЗИ өкілдері бар.
Конференция барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының президенті, академик Тлектес Есполов өз сөзінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция аграрлық ғылымды дамыту және агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң екенін атап өтті.
Ол өз баяндамасында көрнекті ғалым, академик Ғани Әлімұлы Қалиевтің өмірі мен ғылыми қызметі отандық аграрлық ғылымның дамуына тікелей байланысты болғанын ерекше айтты. Тлектес Есполовтың сөзінше, Ғани Қалиев Қазақстанның аграрлық экономика ғылымының қалыптасуына, ғылыми зерттеулердің дамуына және агроөнеркәсіптік кешенге нарықтық тетіктерді енгізуге зор үлес қосқан.
Сондай-ақ академик Ғани Қалиевтің ғылыми мұрасы мен идеялары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, аграрлық саланың дамуына қызмет етіп келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар Тлектес Есполов «Зооинженерия және ветеринария» секциясы аясында қатысушылар мал шаруашылығын дамыту, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және агроөнеркәсіптік кешеннің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлейтініне сенім білдірді.
Конференция аясында зооинженерия және ветеринария саласындағы өзекті ғылыми мәселелер мен заманауи зерттеу бағыттары талқыланды.
@agro__press @nasec.