Blog

АӨК-тегі жеңілдетілген несие: тиімділік пен жаңа мүмкіндіктер

in Жаңалықтар 19.05.2026

Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін қолдау бағытындағы мемлекеттік саясаттың негізгі құралдарының бірі – жеңілдетілген несиелеу жүйесі. Соңғы жылдары бұл тетік ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға, аграрлық сектордың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі ықпал етіп келеді. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржы ауылдағы өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, заманауи технологияларды енгізуге, өңдеу саласын дамытуға және экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік беруде.

Аграрлық сектордағы жеңілдетілген несиелеудің тиімділігі, фермерлер кездесетін мәселелер, цифрландыру мен жаңа қаржыландыру тетіктері туралы экономика ғылымдарының кандидаты, сарапшы Сауле Жумашева айтып берді.

Сауле Токановна, бүгінде агроөнеркәсіп кешеніне берілетін жеңілдетілген несиелердің нақты тиімділігі қалай бағаланып жатыр? Мемлекет бөлген қаржы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі мен сапасына қаншалықты әсер етті?

Бүгінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аграрлық секторды мемлекеттік қолдаудың ең маңызды құралдарының біріне айналды. Оның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолжетімді қаржы ұсынып, өндірісті дамытуға, өнімділікті арттыруға және өңдеу саласын нығайтуға жағдай жасау.

Соңғы жылдары аграрлық сектор тұрақты өсім көрсетіп келеді. Мәселен, 2025 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,9 пайызға өсіп, 9,8 трлн теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 8,3 трлн теңге болған еді. Өсім негізінен өсімдік шаруашылығы өндірісінің 7,8 пайызға және мал шаруашылығының 3,3 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Бұл нәтижелерге бұрын-соңды болмаған көлемдегі жеңілдетілген қаржыландыру ықпал етті. 2025 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға шамамен 1 трлн теңге бағытталды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда он есе көп. Нәтижесінде 8,5 млн гектар егіс алқабы мемлекеттік қолдаумен қамтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Сонымен қатар субсидияларды толық цифрландыру және бақылау жүйесі енгізілуде. Бұл қаражаттың нақты шаруаларға жетуін қамтамасыз етіп, жалған көрсеткіштердің алдын алады.

2024 жылдан бастап мемлекеттік қолдау тәсілдері қайта қаралды. Техника лизингі, көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстары, өңдеу кәсіпорындары мен мал шаруашылығы нысандарын қаржыландыру жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жүзеге аса бастады. Бұл саясат өз нәтижесін беріп отыр. Соңғы екі жылда Қазақстанда 50 млн тоннадан астам рекордтық астық жиналды.

Майлы және бұршақ дақылдары өндірісінде де жоғары нәтиже байқалады. 2025 жылы майлы дақылдар көлемі 4,8 млн тоннаға жетті. Бұған ерте қаржыландыру бағдарламалары мен заманауи агротехнологияларды енгізу әсер етті.

Бүгінде Қазақстан 70-тен астам елге ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Еліміз ұн экспорты бойынша әлемде екінші, күнбағыс майы бойынша сегізінші, ал астық экспорты бойынша оныншы орында тұр. 2024–2025 маркетингтік жылында астық экспорты 13,4 млн тоннаға жетіп, соңғы жиырма жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді.

Сонымен қатар мемлекет шикізатты тек экспорттаумен шектелмей, оны терең өңдеуге басымдық беріп отыр. Қазірдің өзінде крахмал, биоэтанол және басқа да жоғары технологиялық өнім шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. 2028 жылға дейін бірнеше ірі өңдеу зауытын іске қосу жоспарланған.

Жеңілдетілген несие алу кезінде фермерлер қандай негізгі қиындықтарға тап болады?

Негізгі мәселелердің бірі – шағын шаруашылықтардың қаржыға қол жеткізуі. Көптеген фермер кепіл мүлкінің жеткіліксіздігіне байланысты жеңілдетілген несие ала алмайды. Кей жағдайда қаржы ірі агрохолдингтерге көбірек бағытталады деген пікір де бар.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында тәуекел жоғары. Ауа райы, нарықтағы бағаның құбылуы және логистикалық қиындықтар несие қайтару қаупін арттырады. Бұған қоса бюрократиялық рәсімдердің күрделілігі, құжат жинау мәселесі және кей өңірлердегі ақпараттың жеткіліксіздігі де шаруаларға кедергі келтіреді.

Осыған байланысты рәсімдерді жеңілдету, «бір терезе» қағидатын енгізу және цифрлық платформаларды дамыту маңызды.

Қазіргі бағдарламалар шағын және орта шаруашылықтарға қаншалықты қолжетімді?

Әлеуметтік желілерде жеңілдетілген несиелер тек ірі агроқұрылымдарға беріледі деген пікірлер айтылады. Бірақ статистика мүлде басқа көріністі көрсетеді.

2025 жылдың қазан айындағы дерек бойынша, 5 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 330 млрд теңге көлемінде несие берілген. Оның 88 пайызы – шағын бизнес субъектілері, 11 пайызы – орта кәсіпорындар, ал ірі кәсіпорындардың үлесі небәрі 1 пайызды құрайды.

Несие көлемі бойынша қаражаттың 60 пайызы шағын шаруашылықтарға бағытталған. Ал ірі бизнеске бөлінген қаржы көлемі 16 пайыз шамасында ғана.

Бұдан бөлек, кепіл мәселесін шешу үшін «Даму» қоры арқылы кепілдендіру тетігі жұмыс істейді. Бұл құрал шағын фермерлер үшін өте тиімді.

АӨК саласындағы цифрландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру кезеңіне белсенді көшуде. Қазір жеңілдетілген несиелеу мен субсидиялау жүйесіне заманауи IT-шешімдер енгізіліп жатыр.

Мысалы, Бірыңғай мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесі (GISS) іске қосылды. Өтінімдерді онлайн тапсыру, олардың мәртебесін бақылау және күту тізімін ашық көрсету мүмкіндігі пайда болды.

Сондай-ақ «Агроқаржы Online» платформасын дамыту жоспарланып отыр. Бұл өтінімдерді қарау уақытын шамамен 30 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта Big Data, жасанды интеллект және блокчейн технологияларын енгізу арқылы несиелеу жүйесінің ашықтығы мен тиімділігі арта түседі.

Сауле Токановна, алдағы жылдары қандай жаңа механизмдер енгізіледі?

Қазір агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың жаңа тетіктері әзірленіп жатыр. Олардың қатарында қайта өңдеу кәсіпорындарын 5 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру, кепілдендіру жүйесін кеңейту және инвестициялық жобаларды қолдау шаралары бар.

«Кең дала 2» бағдарламасы арқылы көктемгі егіс пен жиын-терім жұмыстарына берілетін несиенің мерзімі 18 айға дейін ұзартылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының лизинг жүйесі автоматтандырылып жатыр.

Жас фермерлерді қолдау да басты бағыттардың біріне айналды. «Жастарды микронесиелеу», «Іскер», «Агробизнес» секілді бағдарламалар ауыл жастарына кәсіп бастауға мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы, жеңілдетілген несиелеу жүйесі Қазақстандағы аграрлық сектордың тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл экономикасының нығаюына үлкен серпін беруде.

@agro__press @nasec.kz