Мал шаруашылығын дамыту жоспары саланың стратегиялық тірегіне айналады
2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан Президент тапсырмасын орындау аясында әзірленді және ведомстволық емес, стратегиялық сипатқа ие. Бұл туралы АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі ҚазҒЗИ аға ғылыми қызметкері Омашев Қайырғали Бейсенұлы мәлімдеді.
Оның айтуынша, құжатта мал шаруашылығы алғаш рет кешенді түрде қарастырылған. Жоспар қаржылық тетіктерді, селекциялық-асылдандыру жұмыстарын, жем-шөп базасын, жайылым инфрақұрылымын, ветеринариялық қауіпсіздікті, кадрлық қамтамасыз ету мен цифрлық шешімдерді бір жүйеге біріктіреді.
Ғалым құжатта мал басын көбейтуден гөрі өнімділікті арттыруға басымдық берілгенін атап өтті. Әлемдік стандарттардан артта қалу ашық мойындалып, оны қысқартуға бағытталған геномдық бағалау, индекстік селекция және заманауи көбею технологиялары енгізілген.
Жоспардың күшті тұстарының бірі – қаржылық архитектурасы: 5–6 % жеңілдетілген несиелер, 2,5 % инвестициялық жобалар және 85 %-ға дейін кепілдендіру тетігі.
Құжат қой шаруашылығына да ерекше мән береді. Асылдандыруды дамыту, жайылымдарды қалпына келтіру және көшпелі мал шаруашылығын қолдау шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, әлеуметтік аспектілер – мамандар даярлау, кәсіп беделін арттыру, шопандар мен малшыларды қолдау да қамтылған.
Сарапшының пікірінше, Кешенді жоспарды жүйелі іске асыру мал шаруашылығының технологиялық, басқарылатын және экспортқа бағытталған дамуына берік негіз қалайды.



