Жұмыс уақыты: 9:00 - 18:00 (Дс-Жм)

Blog

АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту институтында «АУЫЛ» партиясының сарапшылық форумы өтті

in Жаңалықтар 28.02.2026
25 ақпан күні Алматы қаласында «АУЫЛ» партиясы ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа – елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі» тақырыбында сарапшылық форум өтті. Іс-шараға Қазақ агроөнеркәсіп кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары мен партия белсенділері қатысты.
Форум барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының елдің саяси жүйесін жетілдірудегі, қоғамдық келісімді нығайтудағы және тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі рөлі жан-жақты талқыланды.
Спикерлер қатарында: партия төрағасының орынбасары Сейтжанов Қуаныш Қабыкенұлы, партия аппараты басшысының орынбасары Сәрсенбаева Айгерім Арыстанбекқызы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті PhD докторы Пірімбетов Даурен Сакенұлы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Алматы қаласындағы филиалының директоры Идирисова Айнур Маратқызы, журналист әрі продюсер Құрайысова Ұлпан Қажымқанқызы болды.
Жиынның негізгі мақсаты – елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық өзгерістердің мазмұны мен маңызын талқылау, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуға, ғылым мен білімге, инновацияларға, өңірлік саясат пен ауылдық аумақтардың өркендеуіне ықпалын сараптау.
Қатысушылар реформаның мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі рөліне, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған қадамдарға ерекше назар аударды. Сондай-ақ, реформалардың саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мен қоғамның мемлекетке деген сенімін арттырудағы стратегиялық маңызы атап өтілді.
Сарапшылардың пікірінше, жаңартылған конституциялық нормалар ауыл шаруашылығын қолдауға, аграрлық саясатты жетілдіруге және өңірлердің дербестігін арттыруға жаңа серпін береді. Бұл ауыл экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.
Форум қорытындысында қатысушылар Конституциялық реформаны табысты жүзеге асыру – елдің ұзақ мерзімді әрі орнықты дамуының басты кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар, қоғам өкілдері мен сарапшылар арасында ашық диалог алаңдарын тұрақты түрде ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
@agro__press @nasec.kz