Жұмыс уақыты: 9:00 - 18:00 (Дс-Жм)

Blog

Ғылым мен технология – агроинновация көпірі: Ташкентте Қытай мен Орталық Азия елдерінің халықаралық форумы өтті

in Жаңалықтар 22.07.2025

2025 жылғы 17–19 шілде күндері Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің базасында «Қытай – Орталық Азия ғылым және технологиялар: биоқауіпсіздік және ауыл шаруашылығының инновациялық дамуы» атты халықаралық ғылыми форум өтті. Ауқымды іс-шара Өзбекстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Агроөнеркәсіп саласындағы білім және инновацияларды қолдау ұлттық орталығының қолдауымен, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Синьцзян ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Халықаралық ғылыми форумда Қазақстан атынан сөз алған «Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми зерттеу институты» ЖШС Бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Ұлттық аграрлық ғылым академиясының президенті Есполов Тілектес Исабайұлы «Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылық ғылымының қазіргі таңдағы жағдайы мен даму жолдары» атты мазмұнды баяндама жасап, ауыл шаруашылығы ғылымының жаңа белестері жайлы бөлісті.

Форумның басты мақсаты – ауыл шаруашылығындағы биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету мен инновациялық технологияларды енгізу, озат ғылыми идеяларды талқылау, сондай-ақ Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми-технологиялық серіктестікті одан әрі тереңдету болды.

Шара аясында Өзбекстанның Агроөнеркәсіп саласындағы білім және инновацияларды қолдау ұлттық орталығы мен Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті және Қазақстанның Ұлттық аграрлық ғылым академиясы мен Қазақ агроөнеркәсіптік экономикасы институты арасында өзара ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашпақ.

Форум жұмысына Қытай Халық Республикасының жоғары оқу орындары мен зерттеу институттарының ғалымдары, сондай-ақ Орталық Азия елдерінен келген жетекші аграршы-ғалымдар, ірі агрокомпаниялар мен холдингтердің өкілдері қатысты.

Форум барысында қатысушылар биоқауіпсіздік, климаттың өзгеруі, ауылды цифрландыру, агроэкология және жасыл технологиялар тақырыптарында баяндамалар жасап, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар жаңа технологиялық шешімдер таныстырылып, бірлескен ғылыми жобалар бойынша келісімдерге қол жеткізілді.