Blog

Аграрлық ғылымның жаңа бағыттары талқыланды

in Жаңалықтар 29.05.2026

Алматыда агроинженерия, қайта өңдеу және АӨК-ті цифрландыру мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті.

2026 жылғы 29 мамырда Алматы қаласындағы Ө.Ө. Успанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының базасында «Аграрлық ғылымды дамыту және Қазақстанның АӨК ғылыми қамтамасыз ету: теория, әдіснама, практика» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында «Агроинженерия, қайта өңдеу және АӨК-ті цифрландыру» секциясының отырысы өтті. Конференция көрнекті ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясы, Ресей ғылым академиясы және Украина Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академигі Ғани Әлімұлы Калиевтің ғылыми қызметіне арналды.

Секция жұмысына Қазақстан мен шетелдің жетекші ғалымдары, аграрлық ғылым өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлары, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері мен жас зерттеушілер қатысты.

Секцияны техника ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма төрағасы Жұматай Зейноллаұлы Уразбаев жүргізді.

Конференция барысында ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Тлектес Есполов аграрлық ғылымды дамытудың стратегиялық бағыттары мен Ғани Калиевтің отандық аграрлық ғылымға қосқан үлесін атап өтті.

Секцияны ұйымдастырушы, техника ғылымдарының кандидаты Ләззат Бекенқызы Умиралиева қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ғылым мен өндіріс байланысын нығайту мәселелеріне тоқталды.

Пленарлық отырыста ет-сүт өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіп қалдықтарын терең өңдеу, азық-түлік ингредиенттерін өндіру, цифрлық технологиялар мен интеллектуалды жүйелерді енгізу, азық-түлік қауіпсіздігі және импортты алмастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Академик Уришбай Чоманов Қазақстандағы ет және сүт өнеркәсібін дамытудың перспективаларын таныстырса, ресейлік ғалым Ирина Потороко агроөнеркәсіптік кешендегі тұйық цикл технологиялары туралы баяндама жасады. Наталья Шарова ауыл шаруашылығы өндірісінің қалдықтарын тағамдық ингредиенттер алуға пайдаланудың маңызын атап өтті.

Академик Әуелбек Ізтаев астық өңдеу саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын ұсынды. Ал Ануарбек Суйчинов күркетауық етін терең өңдеу технологияларын коммерцияландыру тәжірибесімен бөлісті.

Секция барысында агроинженерия, азық-түлік биотехнологиясы, терең қайта өңдеу, функционалдық тағам өнімдері, өсімдік текті биологиялық белсенді қоспалар, тағам микробиологиясы және азық сақтау технологиялары бойынша ондаған ғылыми баяндама ұсынылды.

Сондай-ақ қатысушылар АӨК-ті цифрландыру, интеллектуалды жүйелерді енгізу, шағын агротехникаларды әзірлеу, су және ресурс үнемдеу технологияларын қолдану мәселелерін талқылады.

Конференция қорытындысында қатысушылар аграрлық ғылымды өндіріс пен қайта өңдеу салаларымен интеграциялау, инновациялық технологияларды енгізу, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және азық-түлік қауіпсіздігін күшейту бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

@agro__press @nasec