Жұмыс уақыты: 9:00 - 18:00 (Дс-Жм)

Blog

Шығыстағы Дала күні: ғылым, бизнес және аграршылар арасындағы диалог – Қазақстан ауыл шаруашылығының болашағы үшін

in Жаңалықтар 30.07.2025

2025 жылғы 25 шілдеде Шығыс Қазақстан облысындағы «ШҚОСХОС» ЖШС базасында Республикалық «Шығыстағы Дала күні» өтті – бұл еліміздің аграрлық саласындағы маңызды оқиғалардың бірі саналады. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ құрылымындағы «Қазақ ауыл шаруашылығы экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма төрағасы Есенбай Исламов қатысты.

Ауқымды жиын аграрлық ғылым, бизнес, мемлекеттік құрылымдар, ҰАҒБО еншілес ұйымдары мен Алматы, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген шаруа және фермерлік қожалық өкілдерін бір алаңда тоғыстырды.

«Шығыстағы Дала күні» ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 267 «Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру» бюджеттік бағдарламасы аясындағы 100-ші «АӨК субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету» қосалқы бағдарламасы бойынша ұйымдастырылды.

Әртүрлі аймақтан келген аграршылар заманауи ғылыми әзірлемелермен танысып, оларды шаруашылықтарында қолдануға қажетті практикалық білім алды.

Іс-шараның салтанатты ашылуы кезінде «ШҚОСХОС» ЖШС Басқарма төрағасы Кенжегазы Тоқтасынов құттықтау сөз сөйлеп, ғылым, өндіріс пен мемлекеттің өзара ықпалдастығының маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың өсімдік өсіру технологиясы, тұқым шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау және мемлекеттік қолдауды пайдалану салаларындағы білімін арттыру.

Қонақтар отандық және шетелдік селекция жетістіктері ұсынылған демонстрациялық алқаптарды аралады. Мұнда майлы, малазықтық, дәнді және бұршақты дақылдардың, соның ішінде картоптың перспективалы сұрыптары мен будандары көрсетілді.

Сондай-ақ, «Астана АгроПартнёр» ЖШС және «Агротехменеджмент» ЖШС (SWISH GROUP бренді) серіктестері заманауи ауыл шаруашылығы техникасын көрсетті. Қатысушылар топырақты өңдеу, егу және дақылдарды күтіп-баптаудың тиімділігін арттыратын техниканың жұмысын тікелей бақылап көрді.

Пленарлық отырыс барысында келесі спикерлер құттықтау сөз сөйледі:
– ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков
– «ҰАҒБО» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Максим Сутула
– «Астана АгроПартнёр» ЖШС Бас директоры Арман Айманбетов

Сондай-ақ, Қазақстан, Ресей, Украина, Польша және Болгариядан келген жетекші мамандар мен ғалымдар баяндамалар жасап, агросектордағы озық тәжірибелермен бөлісті. Бұл пленарлық отырыс білім алмасуға, инновациялар енгізуге және агробизнес өкілдерімен, техника мен тұқым жеткізушілермен кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

Қолданбалы зерттеулерге де ерекше назар аударылды:
«ШҚОСХОС» майлы дақылдар бөлімі бес күнбағыс буданын ұсынды, оның екеуі – жаңадан әзірленген, өнімділік әлеуеті 40–42 ц/га. Сәулетай буданы ерекше қызығушылық тудырды – 2025 жылға арналған аудандау жүргізілген және оған патент берілген, өнімділігі 42–43 ц/га.
Соя сұрыптары қатарында Алуа, Бірлік және жаңа Айша сұрпы таныстырылды.

Көрме экспозициясына қатысқан компаниялар мен ұйымдар:
• @astana_agro_partner – заманауи техника мен агротехнологиялар
• @ytotractor.kz – YTO тракторлары мен механизация
• @swissgrow.kz – Swiss Grow: биостимуляторлар мен тыңайтқыштар
• @navistar_asia – агробизнеске арналған цифрлық шешімдер
• @dronvko – Dizel Agro: дрондар мен дәл егіншілік сервистері
• @astananan – өсімдіктерді қорғау саласындағы ғылыми әзірлемелер
• @avgustkazakhstan – өнімді қорғау құралдары
• @amanzholov_university – С. Аманжолов атындағы ШҚУ: білім беру және ғылыми қолдау
• @eurasiagroup_kz – әлемдік брендтердің техникасы және АӨК цифрландыруы
• @agro_mart.kz – тыңайтқыш пен агрохимия өнімдері қоймаларының желісі
• @bagration_almir – сүт өнімдері
• @microbio_kz –  микробиологиялық шешімдер мен биопрепараттар
• «Қазақ аграрлық сараптама» АҚ, Фитосанитарлық диагностика және болжау РМО (ШҚО филиалы)
• Ж. Жиембаев атындағы Өсімдіктерді қорғау және карантин ҒЗИ – карантин және қорғау саласындағы ғылыми әзірлемелер

Ғылым, аграршылар мен бизнестің бірлескен күш-жігерінің арқасында «Шығыстағы Дала күні» өңірлік аграрлық инновациялардың нақты қозғаушы күшіне айналды. Қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, мазмұнды бағдарламасын және практикалық маңыздылығын ерекше атап өтті.

Мұндай алаңдар ғылым мен өндірістің интеграциясын нығайтып, инновацияларды енгізуге және Қазақстан АӨК-нің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сеп болады.

Барша қатысушылар мен серіктестерге кәсібиліктері мен ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдіреміз. Біз бірге Қазақстанның сенімді әрі тұрақты аграрлық болашағын қалыптастырамыз!