Жұмыс уақыты: 9:00 - 18:00 (Дс-Жм)

Blog

ФАО-ның Қазақстандағы жобаларына арналған семинар өтті

in Жаңалықтар 24.12.2025
2023 жылғы 23 желтоқсанда Қазақ агроөнеркәсіптік кешен экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының акт залында «Қазақстандағы ФАО жобалары мен іс-шаралары: ауыл шаруашылығының орнықты дамуы аясындағы әріптестік мүмкіндіктері» тақырыбында оқыту семинар-тренингі өтті. Іс-шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды.
Семинар жұмысына ФАО-ның Қазақстандағы жоба үйлестірушісі және техникалық сарапшысы Айжан Қарабаева, әріптестік жөніндегі сарапшы Гүлназ Ысқақова, институттың басшылары мен жетекші ғалымдары, ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиялық қауымдастығының, ҰАҒБО ғылыми-зерттеу институттарының және жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында ФАО-ның қызметіне шолу жасалып, Қазақстандағы негізгі жұмыс бағыттары мен ҰАҒБО ынтымақтастық орнатудың практикалық мүмкіндіктері таныстырылды. Аналитикалық және жобалық жұмыстарға қатысу тетіктеріне ерекше назар аударылды.
Талқылау барысында ФАО жобаларының тәжірибесі, қолданылатын құралдары, бағдарламалық шешімдері және ресурстарды жұмылдыру мүмкіндіктері кеңінен қарастырылды. Семинар ФАО-ның негізгі жобалық бағыттарын қамтыды: орнықты ауыл шаруашылығы мен азық-түлік жүйелері, табиғи ресурстар мен биоалуантүрлілікті басқару, су ресурстары мен экожүйелерді сақтау, жануарлар денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ дұрыс тамақтану және сектораралық бастамалар.
Сонымен қатар, ФАО-мен ынтымақтастықтың негізгі тетіктері –сервистік келісімшарттар, келісім хаттары, операциялық әріптестік, БҰҰ-ның Ғаламдық нарығы арқылы өтінім беру, сондай-ақ қаржыландыру тарту құралдары таныстырылды.
Семинар қорытындысында бұл іс-шараның таныстыру сипатында өткені атап өтілді. Алдағы уақытта институт қызметінің басым бағыттарына сәйкес ФАО жобаларына жас мамандар мен жоғары білікті ғылыми кадрларды тарту жоспарланып отыр. Бұл ғылыми негізді күшейтіп, жобалардың практикалық тиімділігін арттыруға, инновациялық шешімдерді әзірлеуге және ғылыми білімді ФАО-ның практикалық қызметіне енгізуге мүмкіндік береді.