Blog

Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы ғылым мен инновацияның рөлі талқыланды

in Жаңалықтар 05.08.2026

Бүгін Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешенін ғылыми қамтамасыз ету, ғылыми сүйемелдеу және инновацияларды енгізуді қолдау мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Кеңес жұмысына Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытұлы Бақытнұр, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сыдықов Димаш Рашидұлы, Кәсіпкерлік басқармасының, қаржы институттарының және Алматы облысының ӘКК өкілдері, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (ҚазҰАЗУ) өкілдері қатысты.

Кеңесті ашқан Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытұлы Бақытнұр агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамытудағы ғылымның ерекше маңызын атап өтті. Ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ ғылыми ұйымдарының сүйемелдеуімен инвестициялық жобаларды іске асырудың қажеттілігіне тоқталып, ғылым, бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын айтты.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сыдықов Димаш Рашидұлы қатысушыларды өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасының іске асырылу барысымен таныстырып, саланың басым бағыттары, инвестициялық жобалар және бірлесіп шешуді қажет ететін өзекті мәселелер туралы баяндады.

Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары Алматы облысында атқарылып жатқан ғылыми жұмыстардың нәтижелерін таныстырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту көрсеткіштеріне қол жеткізу барлық мүдделі тараптардың бірлескен жұмысына байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар ғылымның өндірістегі рөлін күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізіліп, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында жұмыс істейтін шаруашылықтар базасында пилоттық жобаларды іске асыру қажеттілігі айтылды.

Ғалымдардың ұсыныстары мен бастамалары облыс әкімдігі тарапынан қолдау тауып, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жөнінде нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, тұқым шаруашылығын дамыту, топырақтың тозуына қарсы күрес, жаңа ауыл шаруашылығы алқаптарын игеру, өсімдіктерді қорғау, жеміс-көкөніс шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының экономикасы, ауыл шаруашылығы кооперациясы, салалық кластерлер құру және өңірдің қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау бағыттары жан-жақты қарастырылып, қолдау тапты.

Кеңес қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі бірлескен отырыстарды аграрлық ғылым, жоғары білім беру ұйымдары және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен ай сайын өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл өз кезегінде ғылыми әзірлемелерді өндіріске тиімді енгізуге және Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуына жаңа серпін береді.

@agro__press @nasec