Ғылым мен технологияға инвестиция – агроөнеркәсіптің тұрақты дамуының негізі
Қазақ ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметі Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтай отырысының қорытындысы бойынша институт басқарма төрағасы Есенбай Исламовтың пікірін жазып алды.
Есенбай Исламовтың айтуынша, Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтайдағы сөзі Қазақстанның білім беру, ғылым және жоғары технологиялар саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың стратегиялық сипатын айқын көрсетті.
Аграрлық ғылым өкілдері үшін Президенттің цифрландыру мен жасанды интеллектіні нақты нәтижеге бағытталған құрал ретінде қарастыруы ерекше маңызды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы – бұл жай ұран емес, мемлекеттік басқару мен экономиканың барлық салаларына қойылған нақты міндет.
«Агроөнеркәсіп кешені үшін бұл ғылыми негізделген шешімдерді, цифрлық платформаларды және зияткерлік басқару жүйелерін жедел енгізу қажеттігін білдіреді. Мұның барлығы еңбек өнімділігін арттыруға, өндірістік тәуекелдерді азайтуға және ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», – деді ол.
Басқарма төрағасы ғылыми-зерттеу институттары Президент қойған міндеттерді іске асыруда негізгі рөл атқаруы тиіс екенін атап өтті. Олар заманауи технологияларды отандық жағдайларға бейімдеу, білім трансфері мен жаңа буын мамандарын даярлау орталығына айналуы қажет.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының жалған көрсеткіштер мен формализмге жол бермеу жөніндегі ұстанымы ғылыми қауымдастықтың көзқарасымен толық үндес. Тек ғылым, білім және өндіріс арасындағы тығыз байланыс арқылы ғана нақты нәтижелерге қол жеткізіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін және ауылдық аумақтардың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге болады.



