Агробизнес пен шаруалар кооперация артықшылықтарын талқылады
2025 жылғы 22 тамызда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында «Ауыл шаруашылық кооперативтерін ұйымдастыру арқылы өңірдің экономикалық дамуына жәрдемдесу» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараны «Агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту Қазақ ғылыми-зерттеу институты» ұйымдастырды. Лектор ретінде АӨК кооперация және интеграция бөлімі меңгерушісі Қасқабаев Ұлан Рахметоллаұлы сөз сөйледі.
Семинар 267 «Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру» бюджет бағдарламасы және 100 «Агроөнеркәсіп кешені субъектілерін тегін ақпараттандыру» кіші бағдарламасы аясында, «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының базасында өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін кооперацияның заманауи тетіктері туралы ақпараттандыру, тәжірибе алмасу және өңірдің аграрлық секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған практикалық шешімдер әзірлеу.
Семинарға Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, соның ішінде Талғар, Іле, Жамбыл, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарынан келген фермерлер, жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылық кооперативтерінің төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың – әкімдіктер мен бейінді бөлімдердің мамандары қатысты. Қатысушылар кооперативтік қозғалысты ауылдық аумақтарды тұрақты дамытудағы маңызды құралдардың бірі ретінде атап өтті.
Семинар барысында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша несиелендіру, өнімді өткізу мен қайта өңдеудегі қиындықтар сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Назар ауыл шаруашылық кооперативтерін дұрыс ұйымдастыруға, «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» жаңа заңның негізгі ережелеріне, шаруашылықтарды кооперативтерге біріктірудің артықшылықтарына және кооперативтік қозғалысты мемлекеттік қолдау шараларына аударылды.
Іс-шарада ауыл шаруашылық кооперативтерін құрудың оң тәжірибелері көрсетіліп, кооперативтерді қазіргі жағдайда ұйымдастыру мен тиімді жұмыс істеу жөнінде практикалық ұсыныстар берілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылық кооперативтері мен жеке қосалқы шаруашылықтарды ұйымдастыруға қатысты мәселелер талқыланды.
Семинар қорытындысы бойынша әрбір қатысушыға «Агроөнеркәсіп кешеніндегі кооперация» бағыты бойынша курстан өткенін растайтын сертификаттар табысталды.



