ҚазАӨК экономикасы және ААДҒЗИ мамандары Алматы облысындағы ет өңдеу кәсіпорнына қаржылық-экономикалық консалтингтік қолдау көрсетті
2026 жылғы 21 шілдеде ҚазАӨК экономикасы және ААДҒЗИ қызметкерлері Алматы облысының Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, «Empire Food Meat Production Facility» ЖШС-не қаржылық-экономикалық консалтингтік қолдау көрсетті.
Жұмыс барысында мамандар кәсіпорынның өндірістік жағдайымен танысып, өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану және оларды толық жүктеу мәселелерін талқылады. 2019 жылы іске қосылған ет комбинаты бір ауысымда 120 бас ірі қара және 1000 басқа дейін ұсақ малды союға қауқарлы.
Кездесу аясында ет комбинатының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен, салалық қауымдастықтармен және жергілікті атқарушы органдармен кластерлік тәсіл негізінде өзара іс-қимылын дамыту, сондай-ақ мал шаруашылығындағы кооперацияны жетілдіру мәселелері қарастырылды.
Тараптар өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру, етті терең өңдеуді дамыту және ғылым мен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты күшейту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Бұл бастамалар 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын іске асыруға және Алматы өңірінде жоғары технологиялы мал шаруашылығын дамытуға ықпал етеді.



