Жұмыс уақыты: 9:00 - 18:00 (Дс-Жм)

Blog

Қазақстан мен Жапония күш біріктірді: «ақылды» жылыжай өндірісіндегі жаңа көкжиектер

in Жаңалықтар 15.09.2025
Бүгін, 2025 жылғы 15 қыркүйекте, АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҚазҒЗИ-да «ақылды» жылыжай технологиялары саласындағы жетекші жапон компанияларының басшылары мен өкілдері қатысқан кездесу өтті. Қонақтар қатарында — Megumi Corporation Ltd. компаниясының негізін қалаушы әрі акционері Кейчи Хоригомэ (Keichi Horigome), Nagashima Holding Company директор өкілi Хисанао Тсубой (Hisanao Tsuboi), Toyotane Co.Ltd. компаниясының директоры әрі атқарушы директоры Шиничи Миура (Shinichi Miura), Sanshin Metal Working Co.LTD компаниясының сату және ғылым бөлімінің менеджері Казуюки Матсубайши (Kazuyuki Matsubayashi) және сату және ғылым бөлімінің бастығы Кайшу Шимазу (Kaishu Shimazu) болды.
Кездесуге төрағалық еткен — Қазақстан Республикасының Ұлттық аграрлық ғылым академиясының (ҰАҒА) халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті, халықаралық сарапшы Е.А. Байдәулет.
Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық аграрлық ғылым академиясының (ҰАҒА) президенті, ҚР ҰҒА академигі Т.И. Есполов және ҚазҒЗИЭАӨКжАТД басқарма төрағасы, академик Е.И. Исламов, Өсімдіктерді қорғау және карантин ҒЗИ ғалымдары Б. Нұрманов, А.М. Рысбекова, Н.Г. Мұхамадиев, Топырақтану және агрохимия ҚазҒЗИ, Орталық Азия экологиясы өңірлік орталығы (RCEECA), Алматы қ. экология ҒЗ орталығының өкілдері (Г.А. Сапаров, А.Р. Ғазизов), Көкөніс шаруашылығы ҚазҒЗИ (С.К. Жантасов), Мал шаруашылығы ҚазҒЗИ (Н.А. Мелдебекова), сондай-ақ «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері — Г.Ж. Мырзабекова, М.М. Исекеева, Д.М. Мұхамбетқалиева қатысты.
Жапон тарапы гидропоника мен вертикалды өсірудің инновациялық шешімдерін таныстырды. Атап айтқанда, екі технология қолданылды: DFT (су тереңдігі 10 см) және NFT (су тереңдігі 2 см). Сарапшылардың айтуынша, мұндай жүйелер көкөністерді, жемістерді, ағаштарды, дәнді дақылдар мен дәрілік өсімдіктерді тіпті жері жоқ аумақтарда, соның ішінде шөлді өңірлерде де өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жапон компаниялары гидропоника технологияларын енгізу және дамыту бойынша тағылымдамалар ұйымдастыруға ерекше мән беріп отыр.
Қазақстандық ғалымдар өз тарапынан еліміздің жағдайына бейімделген гидропоника мен аквапоника тәжірибесін таныстырды. Атап айтқанда, қызылша, микрожасылдық, бұталы ағаштар мен құлпынайды жылыжай кешендерінде өсіру тәжірибесі баяндалды.
Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, бірлескен жұмыстың нақты тетіктерін талқылады. Атап айтқанда, инвестиция тарту, тәжірибе алмасу және кадрларды даярлау мәселелері көтерілді. Әңгіме соңында тараптар ұжымдық меморандумға қол қоюға және Жапония инвесторларының қатысуымен жаңа жылыжай технологиялары мен ноу-хауды Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне енгізу жөніндегі бірлескен жобаны іске асыруға уағдаласты.