ҚазАӨКЭжААДҒЗИ ғалымдары ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі көпжақты диалогқа қатысты
2026 жылғы 21 қаңтарда Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының (ҚазАӨКЭжААДҒЗИ) ғалымдары Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) ұйымдастырған көпжақты диалогқа қатысты.
Іс-шара «Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту және нығайту, қала мен ауыл арасындағы әріптестікті кеңейту арқылы жергілікті қауымдастықтардың орнықтылығын арттыру» жобасы аясында өткізіліп, Халықаралық кооперативтер жылына орай ұйымдастырылды.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың халықаралық тәжірибесі, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды. Негізгі баяндаманы ХКҰ-ның ұлттық консультанты Данияр Кенжегулов жасады.
Пікірталасқа Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов, ФАО өкілі Лилия Мусина, ҚазАӨКЭжААДҒЗИ ғалымдары – экономика ғылымдарының докторы, профессор Ғалия Акимбекова, экономика ғылымдарының кандидаты Асқар Баймұханов, «Фермеры Чилика» СПК төрайымы Бақыткүл Ельчибаева, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары Сержан Шарипов, сондай-ақ басқа да сарапшылар мен сала өкілдері белсенді қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперациясының дамуын тежеп отырған мәселелерді шешуге бағытталған нақты ұсыныстар қарастырылды. Атап айтқанда, заңнамалық-құқықтық базаны жетілдіру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін мемлекеттік қолдау тетіктерін оңтайландыру және Кооперацияны дамыту орталығын құру мәселелері көтерілді.
@agro__press @nasec.kz



