Агрокооперация – ауыл дамуының тетігі: Астанада жаңа тәсілдер талқыланды
2026 жылғы 16 сәуірде Астанада Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті базасында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға арналған республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының жаңа заң әзірлеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Жиынға мемлекеттік органдар, бизнес, ғылыми қауымдастық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Соңғы жылдары елімізде кооперативтер санының артуы, өндіріс көлемінің өсуі сияқты оң үрдістер байқалғанымен, басқару тәжірибесінің жеткіліксіздігі, қаржыландыруға қолжетімділіктің шектеулігі және кооперация мәдениетінің әлсіздігі сияқты мәселелер өзекті күйінде қалып отыр.
Семинар барысында заңнаманы жетілдіру, салық саясатын қайта қарау және мемлекеттік қолдау тетіктерін күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар кооперативтерді сан жағынан ғана емес, сапа тұрғысынан дамыту қажеттігін атап өтті.
Қазақ агроөнеркәсіп кешені және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты Басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары Ғалия Акимбекова өз сөзінде:
«Бүгінгі таңда кооперативтердің санын арттырумен қатар, олардың тиімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін заңнаманы жетілдіру, пилоттық жобаларды іске асыру және “егістен сөреге дейін” кооперациялық тізбекті дамыту қажет», – деп атап өтті.
Семинар қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, олар жаңа заң жобасын дайындау барысында ескерілетін болады.
@agro__press @nasec.kz



