Жұмыс уақыты: 9:00 - 18:00 (Дс-Жм)

Blog

Ұлттық киім күні – ұлттық құндылықтарды ұлықтаған мереке

in Жаңалықтар 19.03.2026
Бүгін Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтында Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық киім күніне арналған мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Салтанатты жиынға Институттың Басқарма Төрағасы, Ұлттық аграрлық ғылым академиясының Президенті мен Президиум мүшелері, Алматы қалалық «Ауыл» партиясы филиалының өкілдері, танымал экономист-ғалымдар мен жас мамандар белсене қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлестерін қосты. Шара барысында театрландырылған көріністер қойылып, ұлттық киім үлгілері таныстырылды. Сонымен қатар, олардың шығу тарихы мен ерекшеліктері жөнінде мазмұнды баяндамалар жасалды.
«Ауыл» партиясының ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған бағдарламасы аясында «Бата беру» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды. Қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды.
Ұлттық киімдер көрмесінде шапан, камзол, кимешек, тақия, сондай-ақ қыз-келіншектердің дәстүрлі киім үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір бұйым халқымыздың бай мәдени мұрасы мен эстетикалық талғамын айшықтап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Ұлттық нақыштағы сән үлгілері ата-баба дәстүрінің сабақтастығын танытып, рухани құндылықтардың маңызын айқындады.
Шара аясында ауыл өмірін, табиғат көріністерін, салт-дәстүрлер мен еңбек адамдарының бейнесін қамтыған фотогалерея ұйымдастырылды. Қонақтарға ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынылып, дастархан жайылды.
Ұлттық киім күніне арналған бұл тағылымды шара ұжым бірлігін нығайтып, рухани жаңғыруға деген ұмтылысты айқындай түсті. Сонымен қатар, Наурыз мейрамының мән-маңызын тереңдете түсіп, ұлттық кодтың жаңғыруына, ұлтаралық келісімнің нығаюына және жас ұрпақтың тарихи-мәдени мұраға деген құрметін арттыруға ықпал етті.
Институт қабырғасында Әз-Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар өз жалғасын таба бермек, ал оның тағылымдық мәні кеңінен насихаттала береді.