Қазақ және итальян сарапшылары жайылымдық мал шаруашылығын дамыту мәселесін талқылады
29 мамыр күні Қазақ аграрлық-экономика және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтында «Ауқымды жайылымдық мал шаруашылығы: аумақты дамытудағы тәжірибе алмасу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара 25 мамырда Қазақстанға келген итальян делегациясының жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды. Талқылауға «Жанарту» халықаралық жобасының өкілдері, отандық ғалымдар және шетелдік сарапшылар қатысты.
Негізгі қатысушылар қатарында Франческа де Паула («Жанарту» жобасының жетекшісі), Антонино Руджано (FELCOS Umbria қауымдастығының вице-президенті) және жайылымдық мал шаруашылығы бойынша халықаралық сарапшы Клаудио Поркеудду болды.
Кездесу барысында дәстүрлі шаруашылық тәсілдері мен заманауи еуропалық тәжірибені ұштастыру мәселелері талқыланды. Тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру және ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше мән берілді.
Қорытындысында тараптар халықаралық ынтымақтастықты нығайту және аграрлық секторды дамытуда шетелдік тәжірибені енгізудің маңыздылығын атап өтті.



