Алматыда халықаралық конференцияда табиғи ресурстарды тұрақты басқару және экологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды
2026 жылғы 28 мамырда Алматы қаласында У.У. Успанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының базасында «Қазақстанның аграрлық ғылымын және АӨК ғылыми қамтамасыз етуді дамыту: теория, әдіснама, практика» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының «Табиғи ресурстарды орнықты басқару және экологиялық қауіпсіздік» секциялық отырысы (Қалиев оқулары – 1) өтті.
Секция жұмысына Қазақстан Республикасы Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының жетекші ғалымдары, «ҰАҒБО» жүйесіне кіретін ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, сондай-ақ ҚР ОАМ ұйымдарының және шетелдік ғылыми орталықтардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында табиғи ресурстарды орнықты басқару және экологиялық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды. Ел аумағының 60 пайыздан астамын шөл және шөлейт аймақтар алып жатқандығы, бұл ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігіне кері әсер ететіні атап өтілді. Топырақтың тұздануы, эрозиясы және гумус мөлшерінің азаюы өзекті экологиялық мәселелер ретінде қаралды.
Су ресурстары мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстанның тұщы су қоры шектеулі екені, ал су ресурстарының елеулі бөлігі трансшекаралық өзендерге тәуелді екені айтылды. Суару жүйелеріндегі шығындардың жоғары деңгейі де өзекті проблема ретінде белгіленді.
Сондай-ақ орман және балық шаруашылығы салаларының жағдайы талқыланды. Елдегі орман жамылғысының төмендігі, орман өрттерінің көбеюі және экожүйелердің деградациясы атап өтілді. Балық шаруашылығын дамыту, аквакультураны кеңейту және биологиялық ресурстарды ұтымды пайдалану қажеттілігі айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша келесі ұсыныстар берілді:
тозған жерлерді қалпына келтіру және экологиялық технологияларды енгізу;
су ресурстарын тиімді басқару және трансшекаралық өзендер бойынша халықаралық ынтымақтастықты күшейту;
орман қорын қорғау және қалпына келтіру шараларын күшейту;
балық шаруашылығын дамыту, цифрландыру және мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңейту.
Конференция табиғи ресурстарды басқаруда кешенді тәсілдің маңызын атап өтіп, экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың негізгі бағытын айқындады.
@agro__press @nasec



