Сичан университеті мен қазақстандық ғалымдар ынтымақтастықты кеңейтеді
2026 жылғы 28 қазанда Қытай Халық Республикасының Сичан университетінің делегациясы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы мен Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтына келді.
Делегацияны Сичан университетінің ректоры, профессор Бай Цзе басқарды. Оның құрамында мал шаруашылығы факультеті деканының орынбасары, доцент Хуан Цзэньвэнь; мал шаруашылығы факультетінің оқытушысы, доцент Ху Чжицян; экономика, менеджмент және туризм факультетінің оқытушысы Чжан Чжэ; тіл, мәдениет және халықаралық коммуникациялар факультетінің оқытушысы, доцент Ага Эрцзин болды.
Сапардың мақсаты – өзара ынтымақтастықты тереңдету, ғылыми тәжірибе алмасу және агроөнеркәсіп кешені экономикасы, ветеринариялық медицина, қоғамдық ветеринариялық денсаулық сақтау мен биологиялық қауіпсіздік салаларында мамандарды бірлесіп даярлау мүмкіндіктерін қарастыру.
Кездесу барысында тараптар жануарлар ауруларының алдын алу және оларға қарсы күрес, вакциналар мен ветеринариялық биологиялық препараттарды әзірлеу, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, зертханалық диагностика, инспекциялау және сынақ жүргізу, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені экономикасын зерттеу бағыттарындағы ықпалдастықты талқылады.
Бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, ортақ зерттеу алаңдарын құруға, ғалымдар мен мамандар алмасуға, магистранттар мен докторанттарды бірлесіп даярлауға ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысушы елдердің аграрлық ғылымын, ветеринариясы мен мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға мүдделі екендерін білдірді.
@agro__press @nasec



