Blog

Алматыда аграрлық ғылымның болашағы мен ауылды дамыту мәселелері талқыланды

in Жаңалықтар 22.06.2026

2026 жылғы 20 маусымда Алматы қаласындағы Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтына «ҰАҒБО» КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Бисетаев пен корпоративтік хатшы Айнур Шаймерденова арнайы келді.

Институт Басқарма төрағасы Есенбай Исламов мекеменің ғылыми жетістіктері, атқарылған жұмыстары және алдағы даму жоспарлары туралы баяндама жасады. Кездесуде аграрлық ғылым нәтижелерін ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу, ғылымды қаржыландыру және саланы дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Қайрат Бисетаев ауыл шаруашылығы өндірушілері мен ауыл тұрғындарының өзекті мәселелеріне тоқталып, аграрлық ғылым нақты сұранысқа жауап беретін тиімді шешімдер ұсынуы қажет екенін атап өтті.

Институт ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал шаруашылығына арналған өндірістік шығындар нормативтерін әзірлеу бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Бұл материалдар Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау кезінде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен шаруашылықтардың жұмысында қолданылады.

Басқарма төрағасының ғылым және енгізу жөніндегі орынбасары Галия Акимбекова Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, пилоттық кооперативтер құру және оларды ғылыми сүйемелдеу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті.

Кездесу қорытындысында аграрлық экономикалық ғылымды одан әрі дамыту, ғылыми әзірлемелердің тиімділігін арттыру және агробизнес қажеттіліктеріне бейімдеу бойынша негізгі міндеттер айқындалды.

@agro__press @nasec