Алматыда Қазақстан мен Қытай аграрлық ғылым академиялары ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады
2026 жылғы 11 маусымда Алматы қаласында ҚХР ШҰАР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының делегациясымен ресми кездесу өтті. Делегацияны вице-президент Дай Чжуншэн бастап келді. Құрамында 11 адам болды, оның ішінде Экономика институтының директоры және ғылыми орталықтардың жетекшілері бар.
Кездесу барысында тараптар аграрлық ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, ғылыми зерттеулерді тереңдету және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Дай Чжуншэн Қытай Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының қызметі, негізгі ғылыми жетістіктері және халықаралық ынтымақтастық бағыттары туралы баяндап, Қазақстанмен серіктестікті дамытуға ерекше қызығушылық бар екенін атап өтті. Ол аграрлық сектордағы ғылыми инновациялар, ауыл шаруашылығы экономикасы және өңірлік даму бағыттарындағы тәжірибе алмасудың маңызын ерекше көрсетті.
ҚазҰАА атынан вице-президент Е.И. Исламов сөз сөйлеп, Қазақстандағы аграрлық ғылымның қазіргі даму деңгейі, ғылыми институттардың жетістіктері және басым бағыттары туралы ақпарат берді. Ол Қытай тарапымен ғылыми ынтымақтастықты тереңдету ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жаңа серпін беретінін атап өтті.
ҚазАӨКЭжААДҒЗИ атынан Г.У. Акимбекова институттың ғылыми-зерттеу жұмыстары, аграрлық экономика саласындағы жобалар және халықаралық әріптестік бағыттары бойынша презентация жасады.
Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер, академиялық алмасу және аграрлық экономика мен технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағыттарын айқындады.



