Алматыда органикалық өнімдерді стандарттау және сертификаттау жүйелері талқыланды
2025 жылғы 28 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақ АШК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ конференц-залында «Органикалық өнімдерді стандарттау және сертификаттау жүйелері» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Іс-шара 100-бағдарлама аясында – «АӨК субъектілерін өтеусіз ақпараттық қамтамасыз ету» бағыты бойынша ұйымдастырылды.
Семинарға ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, сертификаттау органдарының өкілдері, халықаралық сарапшылар және органикалық ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін ұйымдар қатысты.
Құттықтау сөзін ҚР ҰҒА академигі, э.ғ.д., профессор Владимир Григорук сөйледі. Ол органикалық өндірістің дамуы қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаңа нарықтарға шығуына ықпал ететінін атап өтті.
Семинарға Қазақстан, Латвия және Қырғызстан сарапшылары қатысты. Олардың қатарында – латвиялық «Сертификаттау сынақ орталығы» (STC) бас директоры Антанас Макарявичус, сарапшы-аудитор Александр Вовк, STC Қазақстан филиалының директоры Инна Бочарова және Қырғызстандағы «Био Сервис» ҚҚ директоры Гулзада Құдайбердиева бар.
Қазақ АШК экономикасы және АА дамыту ҒЗИ аға ғылыми қызметкері Евгений Климов әлемдік және қазақстандық органикалық нарыққа шолу жасап, стандарттар, сертификаттау және аккредитацияны қамтитын кепілдік жүйесінің ерекшеліктерін түсіндірді. Сондай-ақ органикалық өсімдік және мал шаруашылығына қойылатын талаптар, инспекция тәжірибесі, өндірушілер топтарын сертификаттау мәселелері талқыланды.
Семинарда Қырғызстандағы «Био Сервис» қоры мен Қазақстандағы ALKARALBIO компаниясының жабайы өсімдіктерді сертификаттау тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды.
Іс-шара соңында пікірталас өтіп, қатысушылар сауалнама мен тестілеуден өтті. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
«Қазақ АШК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ» ЖШС Басқарма төрағасы Е.Исламов мұндай семинарлар тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда органикалық өндірісті ілгерілету үшін біртұтас сарапшылар қауымдастығын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.



