Семейде қазақстандық қой шаруашылығының экспорттық әлеуеті талқыланды
Бүгін, 2025 жылғы 25 қыркүйекте, Семей қаласында отандық қой шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған Халықаралық семинар-кеңес өтті. Іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уали, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясы, Шәкәрім университеті, сондай-ақ Қазақстан, Пәкістан және Оман елдерінің жетекші сарапшылары қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы – кооперация тетіктерін енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану және инвестиция тарту арқылы қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру болды.
Абай облысының әкімі Берік Уали кіріспе сөзінде өңір экономикасында қой шаруашылығының айрықша маңызға ие екенін атап өтті, өнімді экспортқа шығару фермерлердің табысын едәуір арттыратынын жеткізді.
ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының президенті Тлектес Есполов саланың тұрақты дамуы үшін ғылымды, бизнесті және мемлекеттік институттарды біріктіру қажет екенін айтты.
Бағдарлама аясында «ҚазАӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ», «Еуразия АгроСемей», Қазақстан фермерлер қауымдастығы, «Ауыл» партиясының өкілдері, сондай-ақ шетелдік ғалымдар сөз сөйледі. Қой тұқымын асылдандыру, кооперацияны дамыту, халал стандарттарын енгізу және халықаралық әріптестікті ілгерілету мәселелері қаралды.
Жиын соңында Абай облысы әкімдігі, ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясы және ҚазАӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты арасында меморандумға қол қойылды. Қатысушылар Шәкәрім университетінің зертханаларын және «Еуразия АгроСемей» компаниясының құрылыс алаңдарын аралады.



