Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелері бойынша Алматыда дөңгелек үстел өтті
2026 жылғы 17 маусымда Алматы қаласында «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың тиімді нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру бойынша ұсынымдар әзірлеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ауыл шаруашылығы кооперациясын жетілдіру жөнінде берген тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел Алматы қаласындағы Қазақ агроөнеркәсіптік кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының базасында өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ғылыми және білім беру ұйымдарының, халықаралық институттардың, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің, салалық қауымдастықтардың, агробизнес өкілдерінің, сондай-ақ аграрлық ғылым мен өндіріс саласының жетекші сарапшылары қатысты.
Кездесуді «Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ» ЖШС Басқарма төрағасы, Қазақстан Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының бірінші вице-президенті Есенбай Исраилович Исламов және институттың ғылым және енгізу жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары Галия Үйсімбекқызы Акимбекова жүргізді.
Іс-шараны Қазақстан Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының президенті, академик Тлектес Исабаевич Есполов және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Бауржан Қоңырбайұлы Асанов ашты.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Ахатұлы Баққожаев, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының міндетін атқарушы Арайлым Жұмағұлқызы Әлімбекова, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) серіктестік жөніндегі сарапшысы Виктория Айвазян, Германияның Райффайзен кооперативтері одағының аудиторы Константин Хак және басқа да сала мамандары баяндама жасады.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудағы өзекті мәселелер, аграрлық сектордағы мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кооперативтердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Пікірталас барысында қатысушылар ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту, шағын және орта шаруашылықтарды біріктіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен өткізудің тиімді жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ кооперативтік қозғалыстың институционалдық негіздерін күшейту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіруге бағытталған ұсынымдар жобасын талқылады. Ұсыныстар агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің табысын көбейтуге және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталатын болады.
Дөңгелек үстел нәтижелері мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға жолданып, аграрлық саясатты жетілдіру жөніндегі одан арғы жұмыстарда пайдаланылатын болады.



