Blog

Қазақстандық делегация GLAST-2026 форумына қатысты

in Жаңалықтар 10.11.2026

Қытайдың Санья қаласында өткен ауыл шаруашылығы ғылымы мен технологиялары саласындағы көшбасшылардың VIII жаһандық форумына (GLAST-2026) Басқарма төрағасы Есенбай Исламов бастаған Қазақ агроөнеркәсіптік кешен экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының өкілдері қатысты.

Форумды Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы (CAAS) GLAST ұйымдастыру комитетімен бірлесіп, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO), Халықаралық ауыл шаруашылығы зерттеулері жөніндегі консультативтік топ (CGIAR) және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (IAEA) қатысуымен ұйымдастырды.

Форумның негізгі тақырыбы – «Ғылым мен инновациялар арқылы болашақтың ауыл шаруашылығын қалыптастыру». Институт өкілдері панельдік сессияларға, талқылаулар мен пікірталастарға қатысып, аграрлық зерттеулердің орнықты дамуы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экология мен биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында инновацияларды ілгерілету және өндіріске енгізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен қорлардың, ғылыми-зерттеу институттары мен академиялардың тәжірибесі қарастырылды.

3 қарашада өткен арнайы кездесуде Панорталықазиялық ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-технологиялық инновациялар альянсын құру бастамасы таныстырылды. Тараптар институттың Альянс жұмысына қатысу мүмкіндіктері мен алдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Бұған дейін ынтымақтастық туралы меморандум жасалған Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы жанындағы Ауыл шаруашылығы экономикасы институтының директоры, профессор Xiangdong Hu-мен өзара байланысты одан әрі нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

CAAS вице-президенті, профессор Sun Tan-мен агроэкономикалық зерттеулер, агроөнеркәсіптік кешендегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін өндіріске енгізу мен коммерцияландыру тәжірибесі бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Сапар аясында делегация CAAS ғылыми-зерттеу институттарының тәжірибелік базаларында, агротехнопарктер мен ғылыми орталықтарда өткен көшпелі сессияларға қатысып, қолданбалы және іргелі аграрлық ғылымның түрлі бағыттарындағы жұмыстармен танысты.

Институт делегациясы Орталық Азия ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-технологиялық инновациялар альянсын құру тұжырымдамасын талқылауға қатысты. Болашақта қатысушы елдердің географиясын кеңейтіп, Альянс қызметін ғылым, білім және өндіріс бағыттарында дамыту көзделіп отыр. Бұл бастама өңір елдерінің ғылыми-технологиялық әлеуетін біріктіріп, аграрлық саладағы халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

@agro__press @nasec