Blog

Алматы қаласында аграрлық ғылымды дамытуға арналған «Қалиев оқулары–1» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті

in Жаңалықтар 19.06.2026

Бүгін Алматы қаласында «Аграрлық ғылымды және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін ғылыми тұрғыдан қолдауды дамыту: теория, әдіснама және тәжірибе» атты «Қалиев оқулары–1» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Конференция Қазақстан Республикасының «Ұлттық аграрлық ғылым академиясы» Президиумының, Қазақ агроөнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының және «Қазақстан Республикасының «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ» ұйымдарының жетекші ғалымдарының бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің жетекші ғалымдары қатысты.

Конференция қатысушылары баяндамаларды тыңдап, агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми қамтамасыз ету мәселелерін талқылай отырып, төмендегілерді атап өтті:

Қазақстанның аграрлық секторы экономикадағы негізгі салалардың бірі болып табылады. Елдің табиғи-экономикалық жағдайы оны астық және мал шаруашылығы бағытындағы, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы мен қайта өңдеу салалары дамыған аграрлық жүйе ретінде қалыптастырады. Қазақстан 215 млн гектар ауыл шаруашылығы жер ресурстарына ие.

Өндіріс көлемінің тұрақты өсуі халықтың азық-түлікпен қамтамасыз етілуін жақсартуға ықпал етуде. Сонымен қатар бірқатар азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділік сақталуда, бұл отандық өндіріс пен қайта өңдеу саласын дамыту қажеттілігін көрсетеді.

Азық-түлік қауіпсіздігі, инфляциялық қысым, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект енгізу, су ресурстары тапшылығы және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар аграрлық ғылымды дамытудың басым бағыты ретінде ғылым, білім және өндіріс интеграциясын күшейту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және жаңа буын мамандарын даярлау қажеттігін атап өтті.

Конференция агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық және цифрлық даму моделіне көшірудің стратегиялық маңызын айқындады.

@agro__press @nasec